«Заманай мен Аманай» повесіндегі махаббат символы

Адамның жан сезімін көңіл-күйін тікелей  сыршылдықпен айтып жеткізудің ұтымдылығы өмір құбылыстарын қабылдаудан, сезім-әсер байлығынан туады. Осы сезім сырын психологиялық мотивировка жағынан шебер суреттеген жазушыларымыздың бірі – Сәкен Жүнісов.

Сәкен Жүнісов өмір шындығына қоса оқырман көңілін аялап, сезімге шомылдырып, еріксіз ойға батыратын, мөлдір сағынышқа бөлейтін нәзік сезім иірімдерімен оқырман көңілінен ерекше орын алған.

Жазушы жан сарайыңды жаулап алып, оны құдіретті, ізгі және ілтипатшыл ететін ұлы махаббат сезімі екенін өзінің «Заманай мен Аманай» повесіндегі аты аңызға айналған Сәукеле тауы арқылы жеткізіп, оны  махаббаттың символы іспеттес еткен. Жазушы Сәукеле тауының идеялық-композициялық желісін көркемдік шеберлікпен қазақ ұғымына түсінікті етіп, мынадай біртұтас сюжеттік бөліктер жүйесімен шебер жеткізе білген. Бірінші – ғаламат өнерімен атақтары бүкіл елге жайылған Сәннәт пен Зеннәт атты екі ұстаның ұлы достықпен өмір сүруі; екіншісі – Сәннәттің жеті қызы, Зеннәттің жеті ұлы болып, бір-бірімен құда болуы және қыздарына ісмерлік, ұлдарына зергерлік, ұсталық қонбауы; үшіншісі – Сәннәт пен Зеннәтқа қылышынан қан тамған хан Ми-Лаудың жалғыз ұлы Жәәйді өздерінен асқан зергер етіп шығаруға бұйрық беруі және екі ұстаның Гүлсәнә атты қызы мен Ғиззат атты ұлының дүниеге келіп, тағы да бір-бірімен құдаласуы, олардың сұлу әрі он саусағынан өнер тамған шебер болып өсуі; төртіншісі – хан Ми-Лаудың Гүлсәнәнің сұлулығына таңданып, жалғыз ұлы Жәәйге атастыруы, оларға Ғиззатты малай етуі және Сәннәт пен Зеннәттің зар илеп қиналуы; бесіншісі – Жәәйдің періштедей екі сәбидің (Ғиззат пен Гүлсәнәнің) сұлу мүсіндерін алып жартасқа қашап салуы және Жәәйдің қаза табуы, хан Ми-Лаудың Ғиззат пен Гүлсәнәға көрсеткен зұлымдығы; алтыншысы – Ғиззаттың Гүлсәнәні хан Ми-Лаудың қорлығынан құтқаруы; жетіншісі – Ғиззат пен Гүлсәнәнің құшақтасқан қалпында ақ сәукелесімен аппақ мұзды шыңға айналуы.

Сәукеле тауының ғибраттық түйіні – зұлымдықты әшкерелеп, махаббатты қадірлеу. Сонымен бірге, махаббаттың ұлылығын танып, бақытты болуға үйрету, бұл, яғни, өзіңді-өзің құрметтей білуге және адам баласының бойындағы ұлы парасаттылық қасиетке үйрету болып табылады. Сонда ғана мөлдір, ұлы махаббат болатындығын жазушы жастардың жүрегіне айшықты тілмен ұялата білген.

Сәкен Жүнісов адам бойында кездесетін кемшіліктер: алауыздық және менмендік, жеке бастың қамын ғана жеп, дүниеқоңыздыққа берілушілік, залымдық, яғни, дүниеқорлар мен пейілсіздер адам қоғамы үшін індет екенін залым хан Ми-Лаудың зұлымдығы арқылы мұңды-шерлі тебіреніспен, әрі көркем кестелермен өріле өрнектеген.

Хан Ми-Лау тек зұлымдықпен өмір сүріп, басқаларға зияны тиетін пайданы ғана ойлаған. Сол зұлымдығының кесірінен жалғыз ұлы Жәәйден айырылады, бірақ, тәубесіне келмеді. Одан сайын, бейкүнә Ғиззатты дүйім жұрттың алдына шақыртып, айбалтамен жендеттеріне нысаналы оң қолын шаптырады және Гүлсәнәға сүйген ғашығы Ғиззатқа қосылуына тыйым салғанымен қоймай, сенен ұрпақ та болмайды, ана деген атпен мәңгі қоштасасың, сен енді әркімнің қолындағы ойыншықтай, кім көрінгеннің ермек етер, ләззат тұтар уақытша қызығына айналып, қолдан қолға көшіп жүресің. Сенің атын бүгіннен бастап Тәтәй болады деп Гүлсәнәні кең сарайға қаматып, малайларына бақтырады. Міне, жан дүниеңе шоқ басқандай әсер еткен осындай ел естімеген сорақы сұмдықты жазушы әрі қарай былай өрбітеді: «Тобылғыдай бұралып, тал шыбықтай майысқан бүлдіршіндей қыздың мықымын, аяқ-қолын жұмсақ, жұқа дәкемен орап, тастай ғып матап, қабат-қабат шаңдып тастайды екен. Жаңа ғана толыса бастаған өрімдей қыздың тұла бойы қалыпқа түсіп тартылып, келе-келе қиылған белі, жіп-жіңішке саусақтары, қолдары мен ағаш кебіс кигізген аяқтары нәзік қалпында солып, өспей қалды. Анда-санда байлауын ауыстырып отырар қыздың жасы он алты-он жетілерге келген шақта әлгі дәке қалыптарды мүлдем алып тастамақ. Қыз бала жел үрлесе жығы-латындай үлбіреген торғын қалпында қалмақ... Бұл келе-келе дәстүрге айналып, қолында билігі бар талай әміршелер мен әкімдер қолдарына бірнеше Тәтәй ұстап, сол арқылы орасан байлыққа кенелетін болыпты. Тіпті, байлыққа құныққандар Тәтәйді қыз бала тәй-тәй басқан шағынан дайындайтын болыпты. Сондықтан да Тәтәй Тәйтәй аталып кетіпті».

Осы тұстары арқылы жазушы көркемдік детальды «әділет, ар-ұят, махаббат» деген ұғымның не екенін білмейтін залым хан Ми-Лаудың адам айтқысыз асқан зұлымдығы мен сүттей ақ, мұнтаздай таза, нәрестедей пәк Гүлсәнәнің сол сәттегі көңіл-күйіне, жан-толғанысына, қайға қасіретіне, басына түскен қатерге орай беріп отырған. Сонымен қатар, Гүлсәнәнің көрген қорлығын сұлулыққа, махаббатқа, яғни, барлық қоғамға жасалған қиянат екенін айта келе, «Әйел заты басындағы тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды», – дегендей ойшыл тұжырым жасайды.  Міне, Гүлсәнәнің жан сезімін, психологиясын деталь арқылы жеткізуде психологиялық шеберлік танытқан жазушы өзінің бейнелеген әрбір образдары арқылы оқырманының жүрегін баурап алған шебер суреткер екенін танытады.

Сәкен Жүнісов осылайша қайырымсыз тас жүрек хан мен оның жендеттерінің адамдық жолдан ауытқумен өмірді босқа өткізгендерін сыншыл оймен сынай келе, тілеп алған жазаларына ұшырап қырылғанын, бұл оларға осы дүниеде берілген жаза екенін, ал қиямет күні оларға бұдан да ауыр азап күтіп тұрғанын оқырманына астарлы оймен жеткізгендей. Міне, жазушы, өскелең ұрпаққа дүниенің өткіншілігін, дәулеттің тұрақсыздығын, зұлымдықтың қайғы-қасіретке толы екендігін санаға жетер ақыл, ой түйгізеді.

Жазушы адамгершіліктің биік нысанасы ар-ұят мәселелерін ханның жалғыз, бүкір ұлы Жәәй бейнесі арқылы да бедерлі жеткізе білген. Басы жерге тиердей бүгілген мүсініне өзі де сай ұсқынсыз Жәәй әкесінің Гүлсәнәні қалыңдық, Ғиззатты малай етіп ұстауға ұйғарым жасағанына алғашқыда қарсы тұрғанымен, қаһарлы әміршінің қайтпас бетінен именіп, екі сәбиге жасар зұлымдығынан қорқып, амалсыз илігеді. Бірақ, хан қаһарына бетпе-бет келмегенімен зерделі, ақылды Жәәй әке әміріне қарсылығын жасырын жасай береді. Яғни, Гүлсәнә мен Ғиззаттың қосылып, бақытты өмір сүруіне бар күш-жігерін салады.

Қылышынан қан тамған қаһарлы ханнан туған ұлға адамгершілік қасиет ұлы өнерден дарығанын, яғни, Жәәйдің көкірек көзі ашылып, жүрегі тазарғанын жазушы аңыз желісінің мына жолдары арқылы терең оймен, жылы, нәзік сезіммен шебер жеткізген: «Маған өнер үйреткен екі ұстазымды жылатып, Гүлсәнәға үйленбеймін. Бар ұсталығымды салып, тауды қашап, сендерге арнап, мәңгі өлмейтін ескерткіш жасаймын. Қаһарлы әкенің де көзін жеткіземін. Осы біткен соң, бұл арадан мүлдем қарамды батырып, жасырын ел ақтаймын. Үйренген өнерімді ел-жұртыма шашамын».

Міне, Сәкен Жүнісов адамгершіліктің ең жоғарғы сапасы – ұлы өнер екенін, өнерді игеру – рухани байлық, ал, рухани байлық адам өмірін өзгертеді, өмірмен бірге біз де өзгереміз, жетілеміз, өсеміз, жақсарамыз, тазарамыз деп философиялық ой түйеді.

Сұлулықты бағалау, оны ұғыну адамзаттың адамшылығы деуімізге болады. Жазушы Гүлсәнә мен Ғиззаттың хас сұлулығын суреттеуде оқырманын нәзік құштарлық сезімге шомылдырып, терең ойға батырады.

Аңыз желісінің мына жолдары осының дәлелі: «Екі сәби бір жасқа толар толмастан-ақ көргеннің көзі тоймайтын адамзаттың сұлуы атанып, айдында таранған аққудың қос көгілдіріндей қос перзенттің аттары бар өңірге мәлім болыпты. Бір ғаламаты – екі сәбидің  де туғаннан аппақ нысанасы бар екен. Гүлсәнәнің нысанасы дәл тамағының астында да, ал Ғиззаттың нысанасы білегінде екен. Үш жасқа келгенде-ақ нысана жалтырап, күннен күнге жүз құбылып, меруертке айналады»,-деп осындай баламалар арқылы екі періштенің сұлулығын эстетикалық түсініктермен, терең сыршылдықпен жеткізуде үлкен шеберлік танытқан. Және сұлулықты түсінген кезде ғана адам баласы өзін-өзі ұғынып, өзгенің жан сарайына еніп, әсемдік әлеміне терең бойлай алады деп ой түйеді.

Адамның табиғи сұлулығы болмаса, ғашық бола алмайды. Өйткені, махаббат дегеннің өзі табиғи сұлулыққа байланысты екені даусыз. Адам Ата мен Хауа Анадан бастап бірде қуантып, бірде жылатып, бірде үміттендіріп, бірде түңілтіп келе жатқан махаббат атты құдыретті күшке ешкім қарсы келе алмайтындығын жазушы Сәкен Жүнісов Ғиззат пен Гүлсәнә арқылы көкірекке қонымды етіп ұғындырған. Яғни, олардың жан дүниесі қиналса да, тірліктің мазағына, қорлығына күйсе де болашақтан зор үміт күткендерін, махаббатқа, әділетке сенімдерін жоғалтпағандарын, келер қуаныштан, қонар бақыттан үміт үзбегендерін ақ адал жан сырларын сыршыл сезіммен, айшықты тілмен айқын жеткізе алған. Сонымен бірге, екі ғашықтың жанарындағы нұр мен мұңның құлпырып, құбылуын қалт жібермей, олардың жүрегіндегі күйініштің азабын айнытпай жеткізуде үлкен шеберлік көрсеткен. Мұны жазушы бойындағы сыршыл сезімнің ұлылығы мен іңкәр жүректің жылылығы деп ұғынуымыз керек.

Адамды иманға міндетті етіп, оны осы мақсатта дүниеге жіберген Аллаһ Тағала адам өмір сүріп жатқан әлемді әдетке айналған заңдар мен қағидаларға байлаған. Мәселен, күннің шығып батуы, күн мен түннің ауысуындағы жүйе бойынша іске асатын осы сияқты жәйттер, ешқашан өзгермейді де, өзгертілмейді.

Сана және түсінікпен қамтылған адам баласының тек осы мүмкіндіктер арқылы ақиқатқа жетуі мүмкін болғанымен, кейде ғапылдыққа байланысты ақиқатқа жетуі қиын болады. Мұндай жағдайда адамзатты Хаққа шақыруға міндетті пайғамбарлардың табысты болуы үшін Жаратушымыз өзі белгілеген заңдар мен түсіндірілмейтін көріністер – Алланың адамзатқа берген үлкен жәрдемі, сыйы.

Шиеленіске толы ситуацияның тууынан кейіпкердің ой-сезімі, ішкі монологы тума бұлақтай атқылап қоя береді. Осы тұста жазушы Гүлсәнәнің зұлымдық әлеміне лағнет айтып, бастарына түскен теңсіздік ноқтасынан қалай құтылудың жолын іздеп, жүрегінің қан жылаған мұң-зарын, сезім-күйін былай жеткізеді: «Амалы құрыған дәрменсіз Гүлсәнә басындағы сәукелесін шешіп алып, Ғиззатқа естіртпей, зар илепті: «О, тәңірім не күніңді тез шығара көр, не аспаныңды аша гөр, біздей бейбақтарыңды ана қанды қол қарақшылардан құтқара гөр! Тым құрмаса тау асып та кете алмадық. Жеті таудың ар жағындағы жеті елге де жете алмадық», – деп жалынып, жалбарыныпты. Бұл оразаның тұсы екен дейді. Қуғыншылардың алды, міне, міне жетті-ау, енді Ғиззатты өлтіріп, Гүлсәнәні тірідей мазақ етіп, қорлайды-ау деген сәтте аспан қақ айырылыпты. Бұл түн – қадір түні екен. Айдай әлем күндізгідей жап-жарық болып, көк жүзі нұр сәулеге бөленгенде  Ғиззат «аһ» деп көзін ашқан екен Гүлсәнә да тәңіріне сыңар тілеуін айтып үлгеріпті. «О, жасаған ием, осы төңіректің бәрін мұзға айналдыра гөр!». Аспан қақпасы қайта жабылғанда ақ сәукеле әп-сәтте аспанмен тілдескен аппақ мұзды шыңға айналыпты да, Ғиззат пен Гүлсәнә құшақтасқан қалпында шыңның ішінде қала беріпті».

Бұл табиғаттың тылсым құпиясын жазушы Алланың Ғиззат пен Гүлсәнәға берген сыйы, бұл махаббаттың ұлылығы деп пайымдаған. Және пәк, таза мөлдір махаббатты, Алланың құдыретін асыл сөз мәйегімен шебер жеткізуде өзінше өрнек жасаған. Міне, осылай жазушы «Құдайдың құдіретін көргің келсе, тауға шық» деген сөзі арқылы жаратушы Алла ұйғарған жаратылыс құдіретінің шынайлығын айқын көрсеткен.

Сәкен Жүнісов сол аппақ мұзды шыңға айналған Сәукеле тауын оқырманының жүрегіне: «Ей, хан Ми-Лау! Сен бір хан болсаң, айбынды әшекейлі тәжің мен тағың, есепсіз мал-мүлкің, әскерің болса да, Аллаһтан басқа нәрсенің барлығы сені ақырындап жойылуға жетелейтіндігін жақсы білгейсің. Енді, сенің зұлымдығың бізге зиянын тигізе алмайды. Сенің зұлымдық әлемің құрыды, ал махаббат құдіретті!», – деп жаңғырынып тұрғандай ұғындырады.

Деректерге сүйенсек, Сәукеле тауы Үрімжі қаласының оңтүстігінде орналасқан Мұзтау, яғни Боғданың үш шошағы деп аталады делінген. Бұл – Еренқабырға тауының жалғасы, Алматымен шекаралас тау. Осы тауды жазушының «Сәукеле» деп атауының өзінде терең бір философиялық мән жатқандай.

Сәукеле – әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы, яғни, келіншектің бас киімі ғана емес, жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті, қимас та қызықты кездің ескерткіші және қазақ халқының сән-салтанатының, салт-дәстүрінің, мәдениеті мен шеберліктің озық үлгісі, өнер туындысы. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу-маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Негізі мақпал, барқыт сияқты қымбат маталардан тігіліп, бұлғын, құндыз терілермен жиектеліп, оқамен оюланып, түрлі-түсті моншақтармен шашақталып, көркем жіптермен кестеленіп, алдыңғы жағы көзді тастармен қапталып, түрлі тағым, алтын, күміс теңгелермен безендіріледі, төбесіне үкі тағылады.

Міне, жазушы Сәкен Жүнісов осы киелі сәукеле сөзі арқылы қазақ халқының өмір сүру әдісін, өмір сүру философиясын, яғни, ұлттық келбеттің, ұлттық тәрбиенің бір көрінісін оқырманының жүрегіне өзіндік шеберлігімен ұялата білген. Бұл жазушының сөз құдіретін, сөз киесін ұлықтаған, ойшылдық-даналық дүниетанымын танытады.

Ұлы даланың мәңгілік мұраларын бойына сіңіріп өскен, қасиетті Көкше өлкесінің перзенті Сәкен Жүнісов – туа біткен талантымен дараланған ерекше тұлға. Оның ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына айналған мол мұрасы – адамзаттың рухани түлеп жаңаруына, адами қасиеттің толысып кемелдеуіне қызмет ететін нәрлі бұлақ, асыл қазына.

Жазушы шығармаларының тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік-стильдік ерекшеліктері жүйесінде қазақ сөз өнері мұраларына тән классикалық үрдісті дамытқан.

Заман шынайылығы, адамдардың қуаныш пен қайғы қабаттасқан күрделі тағдырлары, ұрпақтар тәрбиесі және адам мен туған жер тағдыры, сөз өнерінің көркемдік ұлағаты тағы басқа сан алуан мәселелер жазушы шығармаларының халық жүрегінен мәңгілік орын алуын қалыптастырады. Демек, С.Жүнісов шығармалары – қазақ сөзінің халықтық көркемдік ойлау құдіретінің көрсеткіші. Ұлттық рухтың сақталуындағы қуатты құрал қызметін атқарып келген жазушы шығармашылығы қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.   

Автор: Г.Серкешбаева
Просмотров: 8415
Дата создания: 30 Ноября 2014 г.
Дата редактирования: 30 Ноября 2014 г.